Өрт салдарынан 14 орманшымен байланыс үзілді

1447

Қызыл жалын құрсауында қалған Абай облысындағы ахуал сәт санап өзгеріп жатыр.

Өрт салдарынан 14 орманшымен байланыс үзілді Фото: Ашық дереккөзден

Айналдырған бір тәуліктің ішінде 30 мың гектар алқапты шарпып үлгерген алапат өрт көрші ауылдарға ауыз сала бастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тіпті, лаулаған оттың лап беру қаупі төнген Семейде төтенше жағдай режимі шұғыл түрде енгізілді. Барышовка, Поднебесное, Успен ауылдарының 300-ден астам тұрғыны эвакуацияланды. Президенттің тапсырмасымен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин апат аймағына ұшып кетті. Ал кешелі бері байланысқа шықпай қойған 14 орманшының 3-уі бірер сағат бұрын өлі күйде табылғаны мәлім болды. 11 қызметкер жер-көктен іздестіріліп жатыр. Тілсіз жаудың салдарынан Барышовка ауылындағы 2 тұрғынның баспанасы зардап шекті.

Бородулиха ауданындағы өртті сөндіру күн райының қолайсыздығына байланысты қиындап кетті. Ауа температурасы 30 градустан асып, жел бағытының жиі өзгеруі қызыл жалынның тез таралуына себеп болуда.

"Өрттің қатты өршігіп тұрған себебі, барлықтарыңызға мәлім осы соңғы кездегі күннің қатты ысуымен және де мынау орман шаруашылығы ішіне техникалардың кіруіне өте қиындық тудырып жатқаны. Құмды жерлердің көп болуына байланысты болғандықтан сәл қиындық туғызып жатыр", - деді, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

Өрт кеше сағат түскі 12-нің шамасында Батпаев орман шаруашылығының аумағына найзағай түскендіктен тұтанғанын, Абай облысы әкімдігі мәлімдеді. Ол жақтан он шақырымдай қашықта орналасқан "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерваты техникалары жеткенше 20 гектар жер жанып кеткен. Ал одан кейін 2 сағат өткенде 200 гектар аумақты шарпып үлгерді.

"Біз Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан қосымша көмек жіберуді ұйғардық. Астана қаласынан да жеке құрам қызметкерлері барды. Алматы мен Қызылорда облысынан тікұшақтар жөнелтілді", - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Қазір қызыл жалынды сөндіру үшін алты жүзден астам адам, екі жүзге жуық техника, 6 тікұшақ жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, Бородулиха ауданында бұған дейін болған өрт салдарынан мамырдың 25-күні аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланған болатын.

Президент Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетуді тапсырды. Кәзір экология министрлігі мүрдесі табылған орманшылардың кімдер екенін анықтап жатыр. Ведомствоның баспасөз қызметіндегілер "ақпараттар нақтылануда" деп қысқа қайырды

"Ақорда телеграм каналында шыққан ақпаратты нақтылаймыз. Қазіргі таңда анықталған 3 адамның мәйіті бойынша ол кіілердің личностьтары әлі анықталған. 11 адамның іздестірілу жүргізіліп жатыр", - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Айнаш Қойшыбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу