Бұл туралы inbusiness.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комиссияның қарауына мемлекеттік түрлі органннан 15 ұсыныс түскен. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігінің Сарысу аудандық мәдениет үйіне ақын Майкөт Сандыбайұлының есімін беру туралы ұсынысы қолдау тапты.
Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің ұсынысына сәйкес елордада жаңадан құрылған ауданға "Нұра" атауы берілді. Мәслихат депутаттары Астанада құрылған жаңа ауданға "Нұра" атауын беру мәселесін 28 желтоқсанда өткен сессияда қарап, қалалық ономастика комиссиясының шешімімен келісті. Астананың Есіл ауданындағы Е-583 көшесін ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллиннің есімімен атау бастамасы бірауыздан қолдау тапты.
Елордада пайда болатын жаңа көшелер мен алаңдар:
1. Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы;
2. Әл-Фараби даңғылы;
3. Гейдар Алиев көшесі;
4. Асқар Забикулин көшесі;
5. Әскен Нәбиев көшесі;
6. Сырбай Мәуленов көшесі;
7. Мәншүк Мәметова көшесі;
8. Шапық Шөкин көшесі;
9. Санжар Асфендияров көшесі;
10. Бердібек Соқпақбаев көшесі;
11. Бейбарыс Сұлтан көшесі;
12. Мағжан Жұмабаев даңғылы;
13. Қарамерген көшесі.
"Есімі ел тарихында сақталған тұлғалардың осылай насихатталуы – міндетті құбылыс. Ономастика саласында атқаратын жұмыс көп, барлығы уақыт шеңберінде жүзеге асады деген сенімдеміз", - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыстарды жүргізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.
Еске салайық, қаза тапқан елордалық құтқарушы Асқар Забикулиннің есімін "Үркер" тұрғын алабындағы №583 көшеге беру ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдаған болатын.