Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға көмек қажет

879

Елімізде жыл сайын 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркеледі. Оның 15 мыңы өрт салдарынан болады.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға көмек қажет

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сергей Решетников тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндетін орындау кезінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерінің 63 қызметкері қаза тауып, 155-і түрлі жарақат алғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысы әлемдегі ең жауапты және қауіпті кәсіптің бірі екенін білсе де, мемлекет оларға барынша қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ете алмай отыр", – деді депутат. 

Ол 26 тамызда Тараздағы әскери бөлімнің қоймасында болған жарылыс Қазақстан үшін кезекті трагедияға айналғанын тілге тиек етіп, бейбіт күнде 15 адамның қайтыс болып, 98 адамның жарақат алуы және 100-ден астам ғимараттың қирауы жақсылықтың белгісі емес екенін айтты. 

"Үкімет азаматтық қорғау органдарының мәселелеріне назар аударуға тиіс. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің жартысынан көбін өрт сөндіруге қатысқан ТЖМ қызметкерлері", – деді Сергей Решетников.

Бұдан кейін депутат Апаттар медицинасы орталығы далалық госпитальдарының ресурсы толық таусылғанын, "Қазәуеқұтқару" АҚ-ның 10 ангарының 5-не жөндеу жұмысы қажет екенін, 27 тікұшақтың тек 15-і ғана толық жарамды екенін, азаматтық қорғаныстың 2 әскери бөлімін құтқару құралдарымен және құрал-саймандармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. 

"Қолда бар өрт-құтқару техникасы мен жабдықтарын жаңғырту жөніндегі іс-шараларды қайта қарау немесе оларды заманауи үлгіге ауыстыру керек", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу