Қостанай облысының ірі шаруашылықтарында өртке қарсы командаларды құру жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Алайда Әулиекөл ауданындағы орман өрті мен Аманқарағай мұнай базасындағы жанармай цистерналарына төнген қауіптен соң өрт сөндірушілер шаруаларға өртке қарсы қызмет құрудың қажеттілігін еске салды, деп жазады inbusiness.kz.
"Бұл жаңадан енгізілген талап емес. Бұл ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 25 қыркүйектегі "Міндетті түрде мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілердің тізбесін бекiту туралы" қаулысының 10-тармағында жазылған. Оған сәйкес әр шаруа қожалығы мен ЖШС мұнай базалары мен мұнай өнімдерінің қоймалары орналасқан шаруашылық объектілерінде мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құру мүмкіндігін қарастыруға тиіс", –деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Асланбек Теміров.
Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының айтуынша, егер де оны іске асыруға қаражат болмаса, мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет көрсететін аккредиттелген ұйымдармен шарт жасасу қажет.