Өрт сөндірушілердің еңбекақысын көтеру қарастырылады

1032

Өрт сөндірушілердің еңбекақысын көтеру қарастырылады

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Качир ауданына барған сапарында ауылдағы өрт сөндірушілердің айлығына көңілі толмады, деп xабарлайды.

Кеше Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов кеше Качир ауданына жұмыс сапарымен барып, ауылдарда бой көтеріп жатқан жаңа нысандармен танысты. Аймақ басшысы бастаған делегация Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі өрт сөндіру бөлімшесінің техникаларымен танысып, қызметкерлермен сөйлесті. Кездесу барысында айына 38 мың теңге айлық алатын өрт сөндірушілердің еңбекақысын көтеру мәселесін қарастыратынын жеткізді.

"Мұндағы өрт жағдайын болдырмау мәселесін ерекше бақылауды тапсырамын. Кейде өрт Ресейдің жерінен өтіп келіп жатады. Осындай төтенше жағдайлардың алдын алып, әсіресе алқаптарды тілсіз жаудан сақтау керек. Сондай-ақ, мамандарды оқу жаттығу жиындарына жіберіп тұрған дұрыс. Өкінішке қарай, мұндағы мамандардың алатын айлығы 38 мың теңге. Ол неге жетеді? Сондықтан мен бірінші орынбасарым Дүйсенбай Тұрғановқа тапсырма беремін. Бұл мәселені ойлану керек. Осындай ең жауапты салада жүрген жас мамандардың айлығы жоғары болуы керек", - деді облыс әкімі Болат Бакауов.
Аймақ басшысы осы күні Песчан ауылдық округін аралап, бой көтеріп жатқан жаңа нысандарды көрді. Сонымен қатар, "Песчан жөндеу-механикалық зауыты" жұмысымен танысты. Директоры Юсуп Алиякпаровтың сөзінше, қазір олар еуропалық үлгідегі қазандықтарды шығаруды бастаған.
"Жуырда Сербия мемлекетіне барып, еуропалық қазандықтардың үлгісін сатып алдық. Өйткені, ол біріншіден үнемді, екіншіден жылуы күшті болса, үшіншіден экологияға зиянсыз. Салған отынның 4-5 пайызы ғана ауаға тарайды. Жылына қуаттылығы 25-1800 кВт-қа дейін болатын 100-ге жуық қазандық жасаймыз. Бағалары – 50 мыңнан бастап, 4 миллионға дейін барады. Кішкенелері жеке үйлерге арналса, үлкендерін мемлекеттік мекемелерге қоямыз. Бізге тапсырыс берушілердің 70 пайызы  мемлекеттік мекемелер болса, 30 пайызы жеке кәсіпорындар. Сонымен қатар, ауыр жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығарумен де айналысамыз. Бұдан бөлек ДТ – 75,  таркторларының тораптары мен агрегаттарын қалпына келтіреміз", - дейді Юсуп Алиякпаров. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу