Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға тиесілі – Қасым-Жомарт Тоқаев

621

Президент Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді.

Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға тиесілі – Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Сауд Арабиясының іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, мемлекеттеріміздің келешек экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас екенін атап өтті.

– "Saudi Vision-2030" бағдарламасы мен біздің "Қазақстан-2050" стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, түптеп келгенде, жоғары дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлттық дамуға қол жеткізуді көздейді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді.

– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы барлық өзге елдер экономикасының жиынтық көлемінен асып түседі. Орталық Азиядағы тауар айналымының 60 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің халықаралық резерві – 90 миллиард доллар және ТМД бойынша жан басына шаққанда ең жоғарысы саналады. Шетелдік инвесторлар еліміздің экономикасына 380 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Бұл Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызын құрайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді.

– Біз жүргізген талдауға сәйкес, Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі,  сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит және логистикалық  мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті. 

Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады. 

– Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.

– Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды.

– Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалыптасқанын еске салды. 

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу