Орталық Азия елдерінің экономикасы Қазақстаннан қадағаланатын болды. Олай дейтініміз, бүгін Алматыда Халықаралық Қаржы орталығы ашылды. Әрине, басымдық біздің елге беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бір ғана мысал, екі жыл бұрын қор 1 миллиард доллар қаржы бөлді. Оған қоса, қаржылық операциялар кезінде де қол ұшын беру әзір. Деседе, Орталық Азияның 8 елдегі қор өкілдіктері орталықтан басқарылады. Негізгі міндеттердің бірі Орталық Азиядағы инфляциялық үдерістерді бақылау.
"Орталық Азиядағы инфляцияның шарықтау шегі ақпан айында 20 процент болды. Қазіргі уақытта төмендеп барады. Шамамен 17 пайыз төңірегінде. 4 немесе 5 пайызға жетеміз деген ойдамыз. Ол үшін ең алдымен ақша-несие саясаты күшейтілді. Көздеген мақсатқа қол жеткізіп келе жатқанымызға сенімді болуы үшін ол солай қалуы керек", - деді Таяу Шығыс және ОА ХҚО департамент директорының орынбасары Субир Лалл.
Сондай-ақ орталықтың қызметіне тәжірибе алмасу, мемлекеттік басқару, ақша-несие және бюджет саясаты, қаржы секторын дамыту саласындағы озық әлемдік тәжірибені зерделеу кіреді. Айта кету керек, әлем бойынша 16 осындай орталық бар. Соңғысы Қытайда 2018 жылы ашылған болатын. Ал, қордың орталығын Алматыдан ашу туралы шешім 2019 жылдың қазан айында қабылданды. Ол кезде Қазақстаннан өзге, Өзбекстан мен Грузия да өтініш білдірген еді.