Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы – өңірдегі әйелдерді біріктіретін бірінші алаң

676

Астанада "Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдер рөлі" тақырыбындағы Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы басталды. 

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы – өңірдегі әйелдерді біріктіретін бірінші алаң Фото: parlam.kz

Мұндағы негізгі мәселелер БҰҰ көтеретін тақырыптармен үндес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан айтты. 

Бұл – Орталық Азиядағы әйелдерді біріктіретін бірінші алаң. 

"Біз бұл диалогта көтеретін негізгі сұрақтар БҰҰ мақсаттарымен үндес келеді. Біріншіден, бұл әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі, екіншісі – өңірлік ынтымақтастық. Сондай-ақ, әйелдерге қарсы гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес. Бұдан бөлек әйелдерді климаттың өзгеруімен байланысты проблемалардан қорғау секілді мәселелер де бар. Өз төрағалығымызға бұл мәселелерді енгіздік. Біз әйелдердің инновация мен технологиядағы рөлін де қостық. Ақпараттық технологияларды дамытудан әйелдер тек ұтады деп санаймыз", - деді депутат. 

Орталық Азия елдерінің әйелдерінің диалогы 2020 жылы желтоқсан айында БҰҰ-ның бастамасымен құрылды. 2021 жылы Өзбекстан, 2022 жылы Түркменстан оған төрағалық етті. Биыл бұл диалогтағы төрағалық Қазақстанға өтті. 

"Біз, Орталық Азия елдері, өзара тату болып, жобаларды бірігіп іске асырсақ, өңірдегі бейбітшілікке, қауіпсіздігімізге үлес қоса аламыз. Диалогта аймақтағы әйелдердің саясатқа, экономикаға, барлық салаға белсенді түрде қатысуы секілді мәселелерді де талқылаймыз", - деп атап өтті ол.

Айгүл Құспанның сөзінше, диалогтағы тақырыптар талқыланған соң, болашақта мұндағы негізгі мәселелерді елдегі заңнамаға енгізу мәселелері де қаралмақ.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу