Орталық Азия елдерін "қамтып" отырған ірі есірткі арнасы жойылды

954

Қазақстан мен Ресейдің Ішкі істер министрліктері ірі трансұлттық синтетиканы жеткізу арнасын жойды.

Орталық Азия елдерін "қамтып" отырған ірі есірткі арнасы жойылды

Қазақстан және Ресей Ішкі істер министрліктерінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі бөліністерімен синтетикалық есірткілерді пошта жөнелтілімдері арқылы жеткізу арнасының жолын кесу бойынша екі елдің аумағында арнайы операция жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, фигуранттарға жедел әзірлеме жасау үшін ІІМ орталық аппаратының, полиция департаменттері мен Жамбыл облысы бойынша ҰҚК-нің тәжірибелі қызметкерлері арасынан арнайы топ құрылған.

"Омбы және Тараз қалаларында бір мезгілде жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер Ресей Федерациясындағы синтетикалық есірткілердің негізгі жөнелтушісін және Қазақстанда оны қабылдап алушыны ұстады. Фигуранттардың тұрғылықты жерлері бойынша тінту барысында ірі есірткі зертханалары анықталды", – деп жазылған хабарламада.

Ұсталған Омбы қаласының тұрғыны "синтетиканы" дайындап, пошта жөнелтілімдері арқылы Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға жіберіп отырған. Осы ретте ол жасанды құжаттарды пайдаланып, сәлемдемелерді түрлі тауарлар – машина майы, тұрмыстық химия және т.б. түрінде жасырып отырған.

Полицейлер жалпы сомасы 9,5 млн астам АҚШ доллары болатын 260 кг қолдануға дайын есірткіні тәркілеген.

Айта кетсек, 2021 жылдың қазан айы мен биылғы жылдың сәуір айы аралығында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы, Алтай, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылорда қалаларында синтетикалық есірткі өндірумен және таратумен айналысқан Қазақстанның 13 азаматын ұстады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу