Орталық Азия елдеріне турбағыттарға Түркістан облысының киелі нысандары енеді

1429

Индонезия президентінің арнайы өкілі Алматы мен Джакарта қалалары арасында тікелей әуе байланысын ашуды ұсынды.

Орталық Азия елдеріне турбағыттарға Түркістан облысының киелі нысандары енеді

Түркістан облысының киелі жерлеріне зиярат етуге келетін индонезиялық мұсылмандар саны артуда. Бұл туралы Джакарта қаласында Түркістан облысы делегаттары мен Индонезия елінің туроператорлары арасында өткен кездесу барысында айтылды, деп хабарлайды otyrar.kz.

Индонезиялық зияратшылар арасында аса үлкен Түркістан өңірінде орналасқан Арыстан Баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбардың сахабасы болған Үкәш атаның құдығы, "Ақ мешіт" үңгірі қызығушылық тудыруда.

Жыл сайын Саудияға Умра және қажылық жасауға Индонезиядан миллиондаған мұсылман ағылады. Көбіне, Умра ғибадатын орындағаннан кейін зияратшылардың басым бөлігі Орталық Азияның киелі жерлеріне сапар шегеді.

"Орталық Азия елдеріне жасалатын турбағыттарға Өзбекстандағы ежелгі Бұқара, Самарқан қалалары, Иорданиядағы жартаста соғылған Петра қаласы және басқа елдер кіреді. Ендігі кезекте баратын жердің географиясы кеңейеді. Оған Түркістан облысының киелі нысандары енеді деп жоспарлануда", – дейді Turkistan Invest сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушы директоры Баян Каюпова.

Келіссөздер барысында индонезиялық билік басындағылар Алматы мен Джакарта қалалары арасында тікелей әуе байланысын ашуды ұсынды. Бүгінгі таңда Алматыдан Джакартаға Малайзия астанасы Куала-Лумпур арқылы ғана ұшып баруға болады.

"Джакарта – Алматы тікелей әуе рейсін ашу сіздердің өңірлеріңізге баратын туристердің, оның ішінде зияратшылардың санын арттыруға үлкен серпіліс береді. Бүгінде Индонезияда 270 млн жуық тұрғын өмір сүреді, оның 90 пайызын мұсылмандар құрайды. Менің ойымша, біздің зияратшылардың көбісі Түркістанға бару мүмкіндігін жіберіп алмайды", – дейді Индонезия президентінің арнайы өкілі Адатия Пердона .

Айта кетерлік жәйт, бұл кездесу Түркістан облысы делегациясының Малайзия және Индонезия мемлекеттеріне жасаған роуд-шоуы аясында өтті. Делегаттар қатарында Түркістан облысының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, "Түркістан" ӘКК" АҚ филиалы – Turkistan Invest компаниясы, Түркістан облысының туризм индустриясын дамыту ассоциациясы, Turkistan Tourism Center ақпараттық орталығы, Aray Deluxe Thermal Resort шипажайы және де Sky Way, "Туркестан Элит тур", "Экспедиция Юг" туристік операторлары болды.

Іс-сапар Түркістан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу