"Орталық Азия" Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының құрылысы басталды

1224

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен ӨР Премьер-Министрі А. Арипов "Орталық Азия" ХСЭЫО жобасын іске қосты.  

"Орталық Азия" Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының құрылысы басталды

Бүгін Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы "Жібек Жолы" өткізу пункті маңында Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов келіссөз жүргізіп, "Орталық Азия" Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) құрылысы жүргізілетін жерге капсула салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстанның Өзбекстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, туристік, ғарыш салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудағы, сондай-ақ аймақаралық және шекара маңы ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді талқылады. Автомобиль жасауда, АӨК өнімдерін қайта өңдеуде, сондай-ақ жоғары жылдамдықты "Түркістан-Шымкент-Ташкент" теміржол магистралын салуда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Келіссөз қорытындысы бойынша А. Мамин мен А. Арипов "Орталық Азия" ХСЭЫО қызметін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ теміржол көлігін дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды.

"Орталық Азия" ХСЭЫО "Жібек Жолы" (ҚР) және "Гишт Куприк" (ӨР) өткізу пункті ауданында орналасатын болады. Орталықтың жалпы аумағы – 400 га, өткізу мүмкіндігі 35 мың адамды және екі бағытта тәулігіне 5 мың жүк көлігін құрайды. Орталық Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен инвестициялық жобаларын іске асыру үшін ірі өнеркәсіптік және сауда-логистикалық алаңға айналуға арналған. Өнеркәсіптік кооперацияның неғұрлым перспективалы бағыттары өңдеу секторы, АӨК және жеңіл өнеркәсіп болып отыр. 

"Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері өзара сауда-саттық деңгейін $10 млрд-қа дейін жеткізу міндеті бойынша жұмыс істеуде. Бүгін іске қосылатын жоба осы мақсатқа қол жеткізуге қызмет етеді және екі мемлекеттің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады", — деді А. Мамин.

Қазақстан тарапы Өзбекстанның Сухандария және Ферғана облыстарында үш көтерме-тарату орталығын ашу арқылы ҚР мен ӨР арасында бірыңғай тауар өткізу жүйесін құруға қызығушылық білдірді, оның жалпы инвестиция көлемі $22,5 млн және ауыстырып тиеу қуаты жылына 67 мың тоннаны құрайтын болады. 

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы жаңғыртылған "Б. Қонысбаев" өткізу пунктіне барды. 2019 жылғы шілдеден 2020 жылғы желтоқсан аралығында жүргізілген реконструкциядан кейін оның құрылыс алаңы 2 есе 6 га дейін, қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін, паспорттық бақылау кабиналарының саны 6-дан 16-ға дейін ұлғайды, заманауи инспекциялық-тексеріп қарау кешендері орнатылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде пункттің өткізу мүмкіндігі екі бағытта тәулігіне 150-ден 1 мың автомобильге дейін, 6 еседен астамға өсті, өту уақыты 60 минуттан 25 минутқа дейін 2 есеге қысқарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу