Орталық Азия мемлекеттері басшылары бірлескен мәлімдеме жасады

842

Орталық Азия мемлекеттері басшылары бірлескен мәлімдеме жасады

Шуақты Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшылары бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Біз, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы президенттері Орталық Азия халықтарын бүкіл өңірімізге ортақ Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Наурыз – Халықаралық күні деп танылғанын және оны ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізгенін ерекше атап өтеміз.

Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет.

Наурызды тойлау кезеңі барлық заманда адами және отбасылық қарым-қатынастардың, достық пен тату көршілік байланыстардың нығаюымен, көршілер арасындағы ерекше қонақжайлылықтың көрініс табуымен қатар келген. Бұл ортақ тарих, мәдениет, дәстүр, тұрмыс арқылы біріккен елдеріміз үшін қазір де маңызды.

Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар.

Өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өңірлік транзит-көлік инфрақұрылымның кеңеюі, су-энергетикалық, азық-түлік әлеуеттерін ұтымды игеру, өндіріс және өңдеу салаларын дамыту, озық технологиялар мен инновацияларды қолдану, цифрлық экономика жолындағы ілгерілеу Орталық Азия елдері әл-ауқатының тұрақты түрде өсуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Біз халықтарымыздың арасындағы өзара құрмет, достық пен бауырластық қатынастарды сақтауға және нығайтуға деген тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, туризм және спорт салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге шақырамыз.

Көктемгі күн мен түннің теңелуі, рухани тазару мен жаңару мерекесінің қарсаңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан халықтарына, сондай-ақ жер бетіндегі барша халықтарға бейбітшілік, молшылық және қуаныш тілеп, өсіп-өркендеулеріне ниеттестігімізді білдіреміз.

Наурыз мейрамы әр үйге амандық пен бақ-береке әкелсін!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу