Орталық Азияда Өзбекстан озып тұр

2851

Халықаралық валюта қоры биыл Қазақстан көш соңынан көрінеді деп болжады.

Орталық Азияда Өзбекстан озып тұр Фото: inbusiness.kz

Жедел деректер бойынша, ҚР-дағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда 70,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,6% аз, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

2019 жылы ЖІӨ 69,5 трлн теңгені, жылдық өсім 4,5%-болған еді.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) "Әлемдік экономиканың даму перспективалары" баяндамасына сәйкес әлемдік экономиканың нақты ЖІӨ 3,3%-ға қысқарды. Бірақ болжам бойынша биылдың өзінде өсім 6%-ды, ал 2022 жылы 4,4%-ды құрауы мүмкін.

Орталық Азия (ОА) елдерінің арасында 2026 жылға ЖІӨ-нің ең жоғары болжамды нақты өсімі бойынша алда Өзбекстан (5,5%), одан кейін Қазақстан (4,4%), Қырғызстан, Тәжікстан (4% ) және Түркіменстан (3,7%) орналасқан.

Сондай-ақ, биылғы жылы ОА елдері арасында ЖІӨ-нің ең төменгі нақты өсімі Қазақстанда (3,2%) болады деп күтіледі. Ал болжам бойынша ең жоғарғы өсім Қырғызстанда (6%), одан кейін Өзбекстан (5%), Тәжікстан (5%) және Түрікменстанда (4,6%) болмақ.

2022 жылы Өзбекстанда (5,3%-ға дейін) және Қазақстанда (4%-ға дейін) ЖІӨ-нің үдемелі өсуі болады деп болжанады. ХВҚ болжамына сәйкес, ОА-ның қалған елдерінде экономиканың өсуі керісінше баяуламақ.

2020 жылы Өзбекстанның ЖІӨ-нің нақты өсімі 1,6%-ды құрады (естеріңізге сала кетейік, ҚР көрсеткіштері минуста).

Қазақстанның ЖІӨ салалық құрылымында қызмет көрсету басым болды. 2020 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында 55,8% құраған. Олардың нақты мәндегі көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 5,6% қысқарды. ЖІӨ-дегі өнеркәсіп үлесі – 27% (минус 0,4%), құрылыс — 6,1% (плюс 11,2%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 5,3% (плюс 5,6%) құрады.

Өзбекстанда ЖІӨ-нің салалық құрылымында 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында көрсетілетін қызметтер үлесі үштен бір бөлігін құрады. Бұл ретте нақты мәнде көрсетілетін қызметтер секторы 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 0,1% артық болды. ЖІӨ-дегі өнеркәсіп үлесі – 26,3% (плюс 0,7%), ауыл, орман және балық шаруашылығы — 26,1% (плюс 3%), құрылыс – 6,5% (плюс 9,2%) құрады.

Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 2020 жылы 9,06 мың АҚШ доллары болды (2019 жылы – 9,81 мың АҚШ долл.). Бұл Өзбекстаннан жоғары. Оңтүстіктегі көршімізде былтыр ЖІӨ 1,69 мың долларға жеткен еді. 2019 жылы – 1,72 мың АҚШ долл.).

Сондай-ақ, Өзбекстан жан басына шаққандағы ЖІӨ өсу қарқыны бойынша Қазақстаннан озып отыр. Екі елдің көрсеткіштері 2018 жылы 2,7% бен 3,6% болса, 2019 жылы 3,2% бен 3,8%-ды құраған. 2020 жылы Өзбекстанда көрсеткіш 0,3%-ға, ал Қазақстанда бірден 3,9%-ға қысқарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу