Ташкентте Түркі мемлекеттерінің Географиялық кеңесін құру туралы келісімге 8 мамырда Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан географиялық қоғамдарының өкілдері қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz QazaqGeography РҚБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТМГК құру жөніндегі бастаманың басты мақсаты – түркітілдес ғылыми-зерттеу институттары мен қоғамдық бірлестіктер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан ары жақсарту, сондай-ақ түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге және сақтауға, экологиялық күн тәртібін іске асыруға (2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу) бірлесіп үлес қосу және тұтастай алғанда, мұндай кеңес жария дипломатия үшін алаң бола алады.
Географиялық кеңестің штаб-пәтері Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында орналасатын болады. Үш жыл мерзімге ТМГК бас хатшысы болып Өзбекстан Республикасының географиялық қоғамының басшысы Ойбек Норинбаев сайланды. Кеңесті құрудың бастамашысы QazaqGeography Қазақстандық республикалық қоғамдық бірлестігі болды.
"Біз Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесін құруда елеулі перспективаларды көріп отырмыз және бірлескен жұмыс пен оның нәтижесіне үлкен үміт артамыз. Өз кезегінде Қазақстан өңірлік және жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін жинақталған тәжірибелерімен бөлісуге дайын", – QazaqGeography РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаев атап өтті.
Түркияның Географиялық қоғамының өкілі Каан Капан қазақстандық тарапқа уақтылы жасалған бастама үшін алғысын білдірді.
"Мен QazaqGeography-ге түркі мемлекеттерінің географиялық қоғамдарының басын біріктіру туралы ұсынысы үшін ризашылығымды білдіремін. Және де бүгін біз осы келісімге қол қойып, болашаққа үлкен жол ашып жатқанымызға қуаныштымын", – деп атап өтті ол.