Жобаны іске асыру 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басталған болатын. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы екі жылдан кейін басталды. Концессия шартына сәйкес, құрылыс мерзімі 50 айға жоспарланған. Алайда, құрылыстың қарқынды жүргізілуіне байланысты концессионер жобаны ертерек аяқтамақ.
"Автожол құрылысы бойынша барлық негізгі деген жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта абаттандыру және жол ақысын алу жүйесі орнатылып жатыр. Концессия туралы заңға сәйкес жобалар инвесторларға мемлекет балансына қабылданғаннан кейін ғана беріледі. Осыған байланысты пайдалануға беру 2023 жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр", - деп хабарлады ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Жүрдек жол негізінен алты жолақты, ал кейбір жерлерде төрт жолақты болмақ. Сондықтан, рұқсат етілген максималды жылдамдықта, яғни сағатына 110-140 км жүрген жағдайда 66 км қашықтықты небәрі жарты сағатта еңсеруге әбден болады.