Орталық Азиядағы ірі май зауыттарының бірі қайта өңдеу көлемін арттырмақ

421

Кәсіпорын тәулігіне 1400 тоннаға жуық күнбағыс тұқымын, 550 тонна рапс және 500 тонна соя өңдейді.

Орталық Азиядағы ірі май зауыттарының бірі қайта өңдеу көлемін арттырмақ Фото: primeminister.kz

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Орталық Азиядағы ең ірі "Altyn Shygys" майлы дақылдарды өңдейтін автоматтандырылған кешенінің және республикадағы түсті металлургия флагмандарының бірі Өскемен титан-магний комбинатының (ӨТМК) жұмысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Altyn Shygys" май өндіру кешені Глубоковский ауданы, Предгорное ауылында орналасқан. Кәсіпорын тәулігіне 1400 тоннаға жуық күнбағыс тұқымын, 550 тонна рапс және 500 тонна соя өңдейді. Мультипликативті экономикалық тиімділігі жоғары зауыт облысты азық-түлікпен қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Соңғы бір жылда мұнда 20 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Кәсіпорын жалпы қуаттылығы тәулігіне 500 тонна болатын тазарту цехын салу арқылы бастапқы өндірістен жоғары деңгейіндегі өңделген өнім шығаруды жоспарлап отыр. Нысан 2025 жылы іске қосылады деп күтілуде. Бұл Қазақстанға келетін өнім импортын азайтуға және тазартылған май экспортының үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ "Altyn Shygys" 2024 жылы елімізде алғаш рет сұйық лецитин өндірісін іске қосуды, ал 2025 жылы құрғақ ұнтақ лецитин өндірісін жолға қоюды көздеп отыр, бұл май өңдеудің табыстылығын айтарлықтай арттырады. Мұның барлығы тұтастай алғанда майлы дақылдардың сатып алу бағасын көтеруге ықпал етеді және сол арқылы фермерлерді егіс алқаптарын кеңейтуге ынталандырады.

"Біздің жоспарымыз Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес келеді және 3 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізуге болатынына сенімдіміз", — деді кәсіпорынның бас директоры Ербол Әбдіхалықов.

Премьер-Министр облыста майлы дақылдар алқабы жыл сайын ұлғайып, биылдың өзінде 211 мың гектарға жеткенін атап өтті.

"Зауыттың қуаттылығы шығарылатын өнім түрлерін кеңейтіп, экспортты арттыруға мүмкіндік береді. Біз компанияның шикізатты одан әрі тереңірек өңдеу жөніндегі жоспарларын қолдаймыз. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетуге дайын", — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бұл Сауда министрлігі арқылы экспортты ілгерілетуге және республикадан шикізаттың әкетілуін реттеуге де қатысты болады.

"Орасан зор қарсылықтарға қарамастан, қазір біз мұның тікелей нәтижесін, яғни майлы тұқымдарды, Қазақстанның өз ішінде шикізатты өңдеудің жылдан жылға айтарлықтай артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар басқа өңдеу салаларын дамытудың да маңызы зор, өйткені бұл қосымша құнның өсуіне әкеледі", — деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов Өскемен титан-магний комбинатының қызметімен де танысты. Ол – шикізатты өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық технологиялық кезеңдерді қамтитын әлемдегі ең ірі интеграцияланған кәсіпорындардың бірі. Мұнда титан губкасы, титан құймалары мен қорытпалары, бастапқы магний және т.б. шикізаттар өндіріледі.

Қазақстандық алпауыт кәсіпорынға әлемдік нарықтың 14%-ын, аэроғарыш саласының 21%-ын алып жатыр. Кәсіпорын өнімдері негізінен өнеркәсібі дамыған елдерге, соның ішінде Ұлыбритания, Үндістан, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяға экспортталады. Жеңіл және берік титан авиация және ғарыш өнеркәсібінде, мұнай химиясында және медицинада қажет. ӨТМК-да өндірілетін титан құймалары жоғары сапалы және аэроғарыш саласының әлемдік жетекші кәсіпорындарымен мақұлданған.

Премьер-министр комбинатта жоғары деңгейдегі өңделген өнім шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстарын жалғастыру керектігін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу