Орталық Азияның үздік IT мамандары анықталды

137

Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы аясында Шымкент қаласында Central Asia Programming Championship 2026 спорттық бағдарламалау чемпионаты өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Орталық Азияның үздік IT мамандары анықталды Фото: gov.kz

Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген 20 жастан асқан ең мықты қатысушылар жиналды. Олар 3 млн теңге жүлде қоры үшін және халықаралық сарапшылар алдында өздерін көрсету мүмкіндігі үшін бақ сынады.

Халықаралық жарыс қатысушыларға алгоритмдік және аналитикалық қабілеттерін әлемдік деңгейдегі тапсырмалар арқылы көрсетуге мүмкіндік берді. Чемпионат ICPC форматында өтті. 28 ақпанда өткен онлайн іріктеуден кейін финал офлайн форматта ұйымдастырылып, аймақтың үздік бағдарламашылары шешуші кезеңде бір жерде бас қосты.

Финал қорытындысы бойынша: 1-орынды Фарход Хакимйон (Тәжікстан), 2-орынды Айбар Куанышбай (Қазақстан), ал 3-орынды Альтаир Ашуров (Қазақстан) иеленді. 

Жалпы 3 млн теңге жүлде қоры былай бөлінді: 1-орынға 1,5 млн теңге, 2-орынға 1 млн теңге және 3-орынға 500 мың теңге берілді.

"Осындай жоғары деңгейдегі жарыста өз білімімді көрсетіп, көрші елдердің үздік бағдарламашыларымен танысқаныма қуаныштымын. Бұл чемпионат мені әрі қарай дамуға және алған білімімді нақты жобаларда қолдануға шабыттандырады", – деді жеңімпаз Фарход Хакимйон.

Биыл чемпионатта сарапшылар құрамына да ерекше көңіл бөлінді. Финалда халықаралық IT компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Meta компаниясының аға әзірлеушісі Бахытжан Байжикенов, AGI Lab және Khan Group компанияларының бас директоры Жомарт Садыков, Higgsfield AI VP of Talent Далида Еркулиева, Google компаниясының аға әзірлеушісі Аман Утемуратов, Booking платформасының әзірлеушісі Нәрікби Мақсұт және TON Core өкілі Александр Кирсанов болды. Сарапшылар қатысушылардың шешімдерін бағалап, тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық компанияларда мансап зақұру бойынша кеңес берді.

"Central Asia Programming Championship қатысушылардың дайындық деңгейі өте жоғары екенін көрсетті. Бұл жарыс аймақтың үздік IT мамандары үшін тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік болды", – деді Alem.ai Foundation директоры Адина Магавина.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат тек зияткерлік жарыс қана емес, сонымен қатар аймақтық IT қауымдастығын дамытуға арналған тиімді алаң болды. Қатысушылар өз деңгейін сынап, халықаралық компаниялардың назарын аударып, болашақта жұмысқа орналасуға немесе ірі жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін байланыстар орнатты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу