Өткен жылы Орталық Қазақстанға жіберілген құландардың бірінің Ұлытаудан өлексесі табылды. Бұл туралы Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорына сілтемемен ҚазАқпарат хабарлайды.
"Күн сайын спутниктік хабарлағыш бекітілген төрт құланды бақылауда ұстаймыз. Бір хабар таратқыш ұзақ уақыттан бері орнынан қозғалмады. Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорының мамандары жолға шығып, 16 қаңтарда аналық құланды өлі күйінде тапты", – делінген хабарламада.
Құлан Қарағанды облысы Ұлытау ауданында бауыздалған күйінде табылды. Оның жанында екі автокөліктің ізі мен оқ гильзасы жатты.
"Оқиға жөнінде акт толтырылды. Өлі құлан туралы деректер Ұлытау аудандық ішкі істер бөліміне және жануарлар әлемін қорғайтын мемлекеттік ұйымдарға жіберілді", – деп хабарлады қауымдастық.