Отырыс жұмысына халықаралық байқаушылар, саяси партиялардың өкілдері, Бас прокуратураның, Сыртқы істер, қаржы, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс топтарының мүшелері қатысты.
Сонымен қатар, бейнеконференцбайланыс режимінде елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, өңірлер әкімдері аппараттарының басшылары, сондай-ақ өңірлік еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары қосылды.
Күн мәселесіне сәйкес мынадай мәселелер қаралды:
2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы;
2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы;
2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы.
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Орталық сайлау комиссиясына 7 саяси партияның тиісті құжаттарды ұсынғанын атап өтті.
"Орталық сайлау комиссиясына ұсынылған мәліметтерге сәйкес, Құрылтай депутаттарының сайлауына 7 саяси партия қатысуға ниет білдіріп отыр. Партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген кемінде 30 пайыздық квота сақталған. Өздеріңіз білетіндей, күнтізбелік жоспарға сәйкес Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу кезеңі 23 шілде күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Қазіргі уақытта барлық саяси партиялардың құжаттары партиялық тізімдерге енгізілген азаматтардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды", – деді.
ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов партиялық тізімге енгізілген кандидаттарға қойылатын талаптар туралы баяндады. Сонымен қатар, ол Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2026 жылғы 13 шілдеде сағат 18:00-де аяқталғанын атап өтті.
"2026 жылғы 13 шілде сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына 7 саяси партияның партиялық тізімдері ұсынылды: Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігі - 63 кандидат, "Ауыл" партиясы" республикалық қоғамдық бірлестігі - 69 кандидат, "Әділет" саяси партиясы" қоғамдық бірлестігі - 186 кандидат, Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы" қоғамдық бірлестігі - 47 кандидат, "Қазақстан халық партиясы" қоғамдық бірлестігі - 72 кандидат, "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" республикалық қоғамдық бірлестігі - 33 кандидат, "Respublica" партиясы" қоғамдық бірлестігі - 76 кандидат" – деді Шавхат Өтемісов.
ОСК хатшысы сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының нормалары, заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялардың құқықтары туралы баяндады.
Сонымен қатар, ОСК мүшелері мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мүгедектігі бар сайлаушылардың кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін дауыс беруге арналған үй-жайларды толыққанды жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті.
"Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. 2021 жылдан бастап Орталық сайлау комиссиясы отырыстарының тікелей көрсетілімдері, сондай-ақ барлық ақпараттық бейнематериалдар ымдау тіліне аударумен сүйемелденеді. 2022 жылдан бері дауыс беру бюллетеньдеріне арналған Брайль қарпімен трафареттер дайындалып келеді. Барлық сайлау учаскелері дауыс беру бюллетенін толтыру тәртібі бойынша аудионұсқаулықтармен қамтамасыз етіледі. 2025 жылдан бастап "Шырақ" мүгедек әйелдер ассоциациясы" қоғамдық бірлестігі және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен барлық сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктері жөніндегі бейнеоқыту курсы әзірленіп, қолданылып келеді. Жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметін көрсетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін тексеру жұмыстарына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін белсенді түрде тартуды ұсынамыз", – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Өз кезегінде ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси партияларды үгіттік іс-шаралар мен материалдарды әзірлеу кезінде көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын ескеруге шақырды.
"Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысып жатқан саяси партияларға үндеу жасағым келеді. Конституциялық сайлау құқықтарының іске асырылуы сайлау процесінің барлық кезеңінде, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін де қамтамасыз етілуге тиіс. Саяси партияларды осы талаптарды ескеруге шақырамын. Бұл сайлаушылармен кездесулер өткізілетін орындарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жария іс-шараларды сурдоаудармамен сүйемелдеуге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға партиялардың сайлау алдындағы бағдарламаларымен толық танысуға мүмкіндік беретін қолжетімді форматтағы үгіт материалдарын пайдалануға қатысты. Барлығымыз мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетеміз деп сенемін", – деп Нұрлан Әбдіров саяси партияларға үндеу жасады.
Айта кету керек, белгіленген талаптарға сәйкес дауыс беруге арналған үй-жайлар орналасқан ғимараттардың кіреберістерінде тұтқалар, төсемдер, пандустар, сондай-ақ өзге де қажетті бейімдеу құралдары көзделуге тиіс. Дауыс беруге арналған үй-жайлар мүгедектігі бар азаматтар үшін барынша қолжетімді болуы, ғимараттардың бірінші қабатында орналасуы немесе жоғарғы қабаттарға көтерілу үшін көтергіш құрылғылармен жабдықталуы қажет.
Дауыс беруге арналған үй-жайларда әр түрлі тактильді бағыттағыштар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, оның ішінде мүгедектер арбасын пайдаланатын сайлаушылардың қолжетімділігін ескере отырып жабдықталған кеңейтілген құпия дауыс беру кабинасы қарастырылуға тиіс. Сайлау учаскесінде компьютермен, құлаққаптармен, қосымша жарықтандыру құралдарымен, үлкейткіш әйнекпен, Брайль қарпімен дайындалған дауыс беру бюллетеніне арналған трафаретпен және бюллетеньнің аудионұсқасымен жабдықталған арнайы орын болуы қажет.
Сонымен қатар, отырыста Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауын байқау үшін қанша халықаралық байқаушының аккредиттелгені белгілі болды. ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман ағымдағы жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы сайлауды байқауға қатысу үшін бірқатар мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға тиісті шақырулар жолдады.
"Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясына аккредиттеу үшін 3 халықаралық ұйым мен 4 шет мемлекеттің 60 байқаушысының кандидатурасы ұсынылды. Атап айтқанда, ТМД байқаушылар миссиясынан - 4 адам, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан - 19 адам, ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылар миссиясынан - 32 байқаушы, сондай-ақ Мальдив Республикасы тарапынан 3 кандидатура, оның ішінде осы елдің Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары ұсынылды. Бұдан бөлек, Астанада аккредиттелген дипломатиялық корпустың дуайені болып табылатын Палестинаның Қазақстандағы Елшісі, Венесуэланың Қазақстандағы Елшісі және Венгрияның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі де аккредиттелді. Аккредиттеуге қатысты ұсыныстар келіп түсуіне қарай байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады", – деді Мұхтар Ерман.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады және бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.