"Бұл қызметті мен сұрап алған жоқпын. Мен сұрап алған қызмет емес. Өмірде қызмет сұраған емеспін. Маған жүктеді қолдан келгенше адал істеуге тырысып жатырмын. Әлі де тырысамын. Өз еркіммен бұл қызметті тастауға ешқандай негіз де жоқ, арым да таза", деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Нұрлан Әбдіров бұл лауазымға былтыр қаңтарда ғана тағайындалғанын алға тартып, ақталғандай болды. Сондай-ақ, өткен жылы референдум кезінде түскен бірнеше мың шағымды ескеріп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр деді. Дегенмен олқылықтардың бар екенін де жасырмады. Осы жолы басқа адам үшін бірнеше рет дауыс бергені үшін сайлау комиссияларының 7 мүшесі әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 108 бабы бойынша жауапкершілікке тартылған. Тағы 18 комиссия мүшесіне бір тұлғаның өзге адам үшін дауыс беруіне мүмкіндік бергені үшін 110 бап аясында 86 мың теңге айыппұл салынды.
"Қарағанды облысы Ақтас ауылындағы 279-шы сайлау учаскесінде бірнеше бюллетенді салғаны туралы бейнежазба болды. Осы жайт бойынша прокуратура органдары айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Комиссия төрағасы мен қоғамдық ұйымдардың бірінің байқаушысына айыппұл салынды. Бұдан бөлек комиссия төрағасы сол сәтте шеттетілді", деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.