Субсидия бөлуде бәсекеге қабілетті шаруашылықтар басты назарға алынады. Сонымен қатар ортаңқол шаруалар да мемлекет қаржысынан құр қалмайды, деп хабарлайды 24.kz.
Басымдық мақта, күріш және майлы дақылдар егетін диқандар жағында. Ал егін шаруашылығында қайта өңдеуге өткізілген өнімге қарай көмек көрсетіледі. Құрама жем мал азығын дайындайтын шаруашылық та кедергісіз субсидия алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы аграрлық саясат кеңесінің жиынында айтылды.
2021 жылға қарай субсидия алатындар саны 67 мыңнан 500 мыңға дейін артады деп жоспарланып отыр. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған қаржы 188 млрд теңгеге жетті.
Сала мамандарының айтуынша, 65 субсидияның 11-і жойылып, қалғанына өзгеріс енгізілмек.
"Бұрын критерий нормативтері жоғары болатын. Шаруалардың қолы жетпейтін. Қазіргі кезде өзімізде асыл тұқымды мал шаруашылықтары көбейді", – дейді ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Төлеутай Рахымбеков.