Орташа айлық еңбекақы 153 мың теңгеден асты - Тимур Сүлейменов

911

Орташа айлық еңбекақы 153 мың теңгеден асты - Тимур Сүлейменов

Бүгін үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов І тоқсанда ел экономикасында оң үрдістер сақталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 4,1% құрады, 2017 жылдың осындай кезеңінде 3,6% болған.

"Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ЖІӨ ұлғаюына инвестициялардың жоғары өсуі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде", — деді Тимур Сүлейменов.

ҚР ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өнеркәсіптегі өсім - 5,3%. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі озық қарқын көрсетіп отыр. Кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс 5,1% өскен. Бұл салада табиғи газ өндірісі  - 6,2%, мұнай — 6,1% және темір кені 3,7% құрады.

Өңдеу өнеркәсібі 6,2% өсімді көрсетті. Қағаз өнімдерін өндіруде (14,9%), химия өнеркәсібінде (14,3%), фармацевтикада (10,2%) екі мәндік өсім байқалып отыр. Басқа да өңдеу өнеркәсіптері жылдам өсуде. Машина жасау — 9%, жиһаз өндірісі — 8,5%, сусын өндірісі — 8,1% және азық-түлік өнімдерінің өндірісі — 6,5%, сондай-ақ металлургия — 5,6% құрайды.

Ауыл шаруашылығында динамика жақсарды. Өсім 3,6% құрады. Өсу мал шаруашылығы өнімдерінің 3,8% кеңеюімен негізделеді.

І тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі екі айлық төмендеуден кейін өсу траекториясына шықты. Құрылыстағы өсу 5,9% құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 39,5% ұлғайды. Инвестициялық салымдар көлік саласына (58,5%-ке), құрылысқа (57,2%-ке), өнеркәсіпке (51,6%-ке) және саудаға (47,3%-ке) артты.

"Еңбек нарығындағы жағдай орнықты болып қалуда. Наурыз айында жұмыссыздық деңгейі 4,9% сақталды. Еңбекақының өсуі байқалып отыр. Қаңтар–наурызда орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4% өсіп, 153,2 мың теңгеге дейін жетті", — деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу