Жергілікті әкімшіліктерге қарайтын жолдарды жөндеу үшін қажетті қаражат көлемінің 50 пайызы бюджеттен бөлінетін болады. Бұл туралы бүгін ҚР үкіметінің отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды primeminister.kz
"Жергілікті әкімшіліктердің бюджетіне тәуелді болып отырған орташа деңгейдегі жолдарды жөндеуге келсек, дәл қазіргі уақытта оларда қаржы мәселесіне байланысты қиындықтар туындап отыр. Сол себепті министрлік (Инвестициялар және даму министрлігі) тарапынан мынадай шешім қабылданды: егер әкімшіліктер жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың 50% өз тарапынан салатын болса, қалған 50 пайызын біз қаржыландыратын болдық", — деді вице-министр.
Қайырбек Өскенбаев осы жоба бойынша өңірде 750 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланып отырғанын жеткізді.
"Бізге үкімет тарапынан тапсырма берілді, министрлік сол елу пайызды қаржыландыруға дайын", - деді ол.