Астанада өртке оранған құрылыс компаниясының кеңсесі соңғы рет 2012 жылы тексерілген, деп хабарлайды "Хабар 24".
Сол себепті нысанда қызыл жалынның алдын алу шараларының қай деңгейде жүргізілгені беймәлім. Оның үстіне, өрттің неден тұтанғаны да белгісіз. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиға орнында тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл елордада жыл басынан бері тіркелген 102-ші өрт оқиғасы. Тілсіз жау кеңсе ғимаратының күлін 1 жарым сағаттың ішінде көкке ұшырды. Өрт аумағы - 1 жарым мың шаршы метр. Оны ауыздықтау үшін құтқарушылардың бірнеше тобы жұмылдырылып, 25 бірлік техника тартылды. Нысанның қас беті тыйым салынған құрылыс материалымен жабылған. Соның салдарынан қызыл жалын лезде күш алып кетіпті.
"Өрттің салдары белгілі. Алайда себебі беймәлім. Таң сәріден бері оқиға орнында арнайы тексеру жұмыстары жүріп жатыр",- деді қалалық ТЖД бастығының орынбасары Мейрамбек Қайсанов.
Жалпы оқыс оқиға жайлы кеңсе күзетшісі хабар берген. Ол өз сөзінде нысанды бір сағат бұрын тексерген кезде ешбір күмәнді жайт байқалмағанын жеткізген. Айта кетейік, ғимаратты қалалық өрт сөндірушілер соңғы 7 жылдан бері бірде бір рет тексермеген. Бұған мамандардың өз уәжі бар. Алдын ала болжам бойынша өрт кеңсенің көрсетілім-көрме орталығында тұтанған. Кейін өзге де бөліктеріне жалғасып, ішкі конструкциялардың бірнешеуі құлаған. Қазір шығын көлемі анықталып жатыр.