Былтырдан бері өртеніп кеткен ағаштарды кесу жұмыстары басталды. Бұл туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
"Былтырғы өрт болған алаң 30 мың гектардан асады. Өткен жылдан бері өртеніп кеткен ағаштарды кесу жұмыстары басталды. Тиісті комитет рұқсатын береді. Біз бүкіл елдегі жұмыс істеп жүрген компанияларды осы жұмысқа шақырып отырмыз. Өртенген ағаштардың қалғанын тез арада кесу керек. Өйткені 3-4 жылдан кейін олар пайдалануға келмей, сапасын жоғалтады. Бүгінгі таңда 1 млрд теңгенің үстінде қаражат түсті. Бұл қаржы орман шаруашылықтарының шотына түсіп, оны өздері жұмсайды", - деді ол.
Түскен қаражаттан орман шаруашылықтары өрт сөндіру машиналары, тракторлар, құрал-саймандарды сатып алуға бағыттайды, деп толықтырды өңір басшысы.
Еске салайық, 2022 жылы қыркүйек айының басында Қостанай облысында орман өрті болды.