Өртте қаза болған Ескендір Бейбарыстың медалі туыстарына табысталды.

923

Ұлытауда дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан Ескендір Бейбарыс "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалімен марапатталды.  

Өртте қаза болған Ескендір Бейбарыстың медалі туыстарына табысталды.

Медальді Төтенше жағдайлар саласының мамандары әкесіне табыс етті. Бауыр еті баласынан айрылған әке марапаттау сәтінде көз жасына ерік берді.

"Жерлесіміз зор ерлік көрсетті. Маған осы құрметті марапатты оның туыстары мен жақындарына табыстау тапсырылды. Облыстық ТЖ департаментінің барлық қызметкерлері атынан Сізге қайғырып көңіл айтамын" - деді Жезқазған қаласының ТЖ басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дидар Күйқабаев.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың 2 шілдесінде 22 жастағы Бейбарыс әкесінің көлігі мен ауылдастарына өртті сөндіруге көмектесемін деген мақсатпен шыққан болатын. Екі күннен кейін жас жігіттің күйіп қалған денесін жергілікті тұрғындар тапты.

Бейбарыс Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының және Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің түлегі. Болашақта құтқарушы мамандығы бойынша жұмыс істеймін деген жоспары болыпты. Ол арманына жете алмай , түтінмен арпалысып жүріп көз жұмды.

Сонымен қатар тілсіз жауды көп сөндіріп көзге түскен, ағайынды Кенішбаевтар ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу