Өрттен қаза болғандардың саны көбейді

730

Үкімет басшысы 3 облыстың әкімдігін сынады. 

Өрттен қаза болғандардың саны көбейді

Премьер-министр төтенше жағдайлар министрлігінің алдына азаматтық қорғау мәселелерін дамыту мен жетілдіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайдың алдын алу және жою міндеті қойылғанын мәлімдеді. 

"Тиімді әрекет ету жүйесін құруға бағытталған шара қабылдау қажет. Азаматтар мен олардың мүлкін авариялар мен апаттардан қорғауды қамтамасыз ету керек. Статистикаға қарағанда, кейбір өңірде өрт саны, адамдардың жарақаттануы мен қаза болуы көбейген. Әсіресе, Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында жер үйлерде өрт санының көбейгеніне назарларыңызды аударғым келеді", – деді Асқар Мамин. 

Премьер-министр өрт негізінен электр жабдықтары мен пеш жүйесін дұрыс пайдаланбау салдарынан болатынын атап көрсетіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге салғырт қараған өңірлерді атады 

"Өңірлердің әкімдері осы мәселені ерекше бақылауға алып, тиісті шара қабылдасын. Материалдық-техникалық жарақтандыру туралы қолданыстағы жол картасын 2018-2020 жылдары іске асыру 404 өрт сөндіру автомобилі мен 19 мың жабдық пен керек-жарақ алуға мүмкіндік берді. Мұның өзі өрт сөндіру қызметінің жарақтандырылу деңгейін жоғарылатты. Бұл жұмыс елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау және Қарағанды облыстарында жақсы жолға қойылған. Осы ретте Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарының әкімдіктері бұл мақсатқа жеткілікті қаражат бөлмеген", – деді Асқар Мамин. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу