Өрттен зардап шеккен ауылда спорт кешені салынды

298

Алапат орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды.

Өрттен зардап шеккен ауылда спорт кешені салынды Фото: Ашық дереккөзден

Бұл нысан "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының қолдауымен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары мен жабдықтау шығыны 735 млн теңгеге шықты. Ауыл балалары жаңа спорт залында жаттығуларын бастап та кетті. "Самұрық-Қазына" қоры алдағы уақытта өңірде тағы да әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға дайын.

Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисі, күреске арналған жаттығу залдары жабдықталған. Аумағы 1 мың шаршы метрден асатын, 2 қабатты ғимаратта дене шынықтыруға қажеттінің бәрі бар. Медициналық қосынмен де қамтылған.

"Бізде бірнеше әлеуметтік бағыттарымыз бар, соның бірі – спорт. Бізде осындай жұмыс республикалық деңгейде жүргізілуде", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

"Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы бұл кешенге 735 млн теңге бөлген. Қайырымдылық қолдау мұнымен шектелмейді.

"Самұрық Қазынамен" Қостанай облысының қарым-қатынасы осымен шектелмейді, болашақта да біраз жобалар іске асырылатын болады. Бұл тек қана спорт саласында ғана емес, денсаулық сақтау саласында да үлкен жобалар болады", - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы "Samruk-Kazyna" қоры Әулиекөл орталық аудандық ауруханасына реанимобиль кілтін табыстады. Көлік алғашқы медициналық көмекке қажетті барлық құрылғымен жабдықталған.

"Мұндай реанимобилдер ауыр науқастарға дер кезінде медициналық көмекті бастауға және сапасын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Теңдесі жоқ көмегі үшін Самұрық Қазынаға алғысымызды айтамыз", - деді Аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Темірхан Бегісбаев.

Алапат орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылында 9 мыңға жуық тұрғын бар. Балалар спорт кешенінде қуана жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Соның бірі Әділ Бегайдаров. Ол өскенде өрт сөндіруші болғысы келеді. Қызыл жалынмен күрескен ағалары секілді батыл да, жылдам қимылдау үшін спортпен шұғылдану маңызды. Күреспен айналысқанына 3 жыл болған.

"Осы жақын жердегі Тамашада болдық. Күреспен сонда айналыстық. Қазір мына жерге келгенде бізге бәрі әдемі, өте ұнады. Өйткені Тамашаның іші кішкене салқын болған. Ал, мынаның іші жылы, қыста келуге болып тұрады", - дейді Аманқарағай ауылының тұрғыны Әділ Бегайдаров.

"Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы өңірде спорт кешенімен қоса, мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру, олардың дертін нәресте кезенінен анықтайтын медициналық жобаларды іске асырмақшы. Бүгінде мұндай кешендер салу қомақты қаржыны талап етеді. Компанияның бұл саланы жандандырудағы көмегінің маңызы өте зор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу