Ақтөбе шекара отрядының "Жайсаң-авто" бөлімшесінде шекара наряды өткен түнде "Орынбор – Ақтөбе" бағытындағы жолаушылар автобусынан граната тауып алды. Артқы орындықтардың астынан табылған жарылғыш затты табуға қызметтік ит пен техникалық құралдардың көмегі тиіпті.
"Оқиға орнына жедел түрде Мәртөк аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, ҚР ІІМ арнайы бөлімшесінің саперлері шақырылып, жарылғыш зат қауіпсіздендірілді. Шекарашылар қауіпті заттың иесін анықтап, ұстады",– делінген ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Граната сол автобуспен келе жатқан, 1984 жылы туған қазақстандық азаматқа тиесілі болып шықты. Ұсталған азаматтың қалта телефонында автобустан табылған гранатаның фотосуреті де табылды.