Осакаров ауданында ауыл халқы малын жаятын жер таппай наразы болуда

576

Қарағанды облысында жайылымдық жердің тапшы болуы өзекті мәселеге айналды.  

Осакаров ауданында ауыл халқы малын жаятын жер таппай наразы болуда Фото: Inbusiness.kz

Осакаров ауданына қарасты Ақбұлақ пен Молодежный ауылдарының тұрғындары малдарын жаятын жер таппай наразы болуда. Айтуларынша ауылдың дәл жанынан төрт - бес шаруа қожалыққа  қатынастар басқармасы  жер берген. Тіпті шаруалардың алған жерлері ауылға екі шақырымдай ғана  жерде  екен. Енді ауыл тұрғындары қолдарындағы төрт түлігін апарып жаятын өріс таппай қиналып жүр. Ауыл маңынан жер берілген шаруа қожалықтардың кейбірі жерлерін қоршап тастаған. Тіпті ауылдың іргесіне дейінгі жерлерді шаруалар жыртып тастаған. Ауыл халқы сатып алайын десе шөп қымбат. Өздері шауып алайын десе  жер жоқ.

“Мен 30 рулон шөпті 521 мың теңгеге сатып алдым. Мен ғана емес бүкіл халық улап - шулап отыр. Бізге Шідертінің артынан 30 мың гектар жер беріпті. Ол осы екі ауылдың жылқыларынан аспайды , шаңы шығып қалады. Каналға жоламаңдар шөбіне тиіспеңдер дейді, енді қарасақ оны Екзеков Дулат шауып тастапты мая қылып үйіп қойған. Сонда халыққа шабуға болмайды Екзековке шабуға рұқсат беріп отыр ғой. Жұмысы жоқ халық енді бес - алты малын баға алмаса не болады? ”, деп наразылығын білдірді ауыл ақсақалы Көшер Әлімбаев.

Ақбұлақ пен Молодежный ауылының тұрғындары  шаруа қожалық  иелері шабылған жердің өзіне малдарын жолатпайтынын айтады. Ал бұл мәселені айтайын десе Осакаров ауданының әкімі ауылға келмейді, ал ауыл әкімінің қолынан мұндай проблеманы шешу келмейді.

“Он жылдан асты осындай жағдай болып жатқанына, жайылым жоқ , халық малды таудың басына шығарып жаяды. Оны әкімшіліктегілер жасырып отыр. Мен өзі ауылдың жылқысын бағамын, Шідерті жаққа көшіп барған едік. Шаруа қожалықтар “ ойбай менің жерім ” деп  біресе ана жаққа қуады, біресе мына жаққа қуады. Қайда апарып жаятынымды білмеймін. Ана жолы шабылған жерге жайып жүрсем Юра деген шаруа қожалығы бар адам баласын жіберіпті, малды әкет деп. Өз жерімізде жер жоқ деген масқара. Таратайын десем ауылдың үлкендері үйге келеді. Шөп масқара қымбат. Білмеймін халық мұндай қиын жағдайдан қалай шығатынын? Жағдай ушығып тұр, халықта ашу - ыза көп”, дейді Ақбұлақ ауылының жылқышысы Болат Альжапаров.

Жер дауы туындаған ауылдарға қатысты мәселені Оскаров ауданының әкімдігі арнайы жоба арқылы шешеміз деп отыр.

“Қазіргі уақытта ауданда жайылымдық жердің жетіспей тұрған мәселесін “ Жайлау ” бағдарламасын іске асыру арқылы шешу қарастырылуда . Осы жылы мұндай бағдарламаны аудандағы үш ауылдық округте іске асырдық , оның нәтижесі жақсы. 2024 жылы бұл жобаны қолдану арқылы Ақбұлақ пен Молодежный ауылдары үшін Шідерті ауылдық округі жақтан жайлау ашып мәселені қолға аламыз”,- деп мәлімдеді Оскаров ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Алайда ауыл жұрты Шідертінің жері онсыз да екі үш ауылдың жылқысынан аспай, шаңы шығып қалатынын айтады. Осылайша жайылымдық жердің жетпей тұрған мәселесі толық шешілген жоқ. Сондай - ақ облыстық жер қатынастар басқармасы ауылдың дәл жанынан шаруа қожалықтарға неге көп жер берілген деген сауалға жауап бермеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу