Нұржан Әлтаев 2022 жылы 6 қазанда "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінен кандидат ретінде ұсынылған болатын.
"2022 жылғы 11 қазанда ОСК-ға "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы отырысының ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну жөніндегі 2022 жылғы 6 қазандағы №19 хаттамасының қолданылуын сот шешімі заңды күшіне енгенше тоқтату туралы Астана қаласы Байқоңыр аудандық сотының 2022 жылғы 11 қазандағы дереу орындауды талап ететін ұйғарымы келіп түсті. Орталық сайлау комиссиясында "ҚР Сайлау туралы" Конституялық заңының 54-бабы 2-тармағы негізінде Президенттікке кандидаттың Конституцияда және "ҚР Сайлау туралы" конституциялық заңда оған қоятын талаптарға сәйкестігін, оның ішінде кандидатты ұсыну туралы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы орган отырысының хаттамасынан үзінді көшірме негізінде белгілеу өкілеттігі берілген", – деді ОСК мүшесі Ш. Өтемісов.
ОСК соттың ұйғарымын орындай отырып, 2022 жылғы 12 қазанда "ҚР Сайлау туралы" конституциялық заңының 12-бабының 17-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Президенттікке кандидат Н. Әлтаевтың сәйкестігін белгілеу рәсімін тоқтата тұрған болатын.
"Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органының 2022 жылғы 6 қазандағы №19 ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Н. Әлтаевты ұсыну туралы хаттамасы Астана қалалық Байқоңыр аудандық сотының 2022 жылғы 17 қазандағы шешімі бойынша жарамсыз деп танылуына байланысты Орталық сайлау комиссиясында ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну туралы қолданыстағы құжаты жоқ деп танылады. Сол себептен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің қарауына тіркеуден бас тарту туралы тиісті хаттама мен қаулы жобасы дайындалып, ұсынылды", – деді Шавкат Өтемісов.
Отырысқа қатысушылар Нұржан Әлтаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулыны қабылдады.