Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына үміткер Нұржан Әлтаевты кандидат ретінде тіркеуді тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың ҚР Конституциясында және ҚР сайлау туралы заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтауды тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдадық", – деді орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Сондай-ақ отырыс барысында аталған шешімге түсінік берілді.
"Біз кандидат тапсырған құжаттарды құзырлы органдарға жіберіп сәйкестігін анықтадық. Кеше Астана қалалық соты бізге Н. Әлтаевты кандидат ретінде қабылдау туралы хаттаманы уақытша тоқтату туралы ұйғарымын ұсынды. Сол себептен орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевты кандидат ретінде тіркеуді уақытша тоқтата тұрады", – деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов.
Еске сала кетейік, 7 қазанда Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Нұржан Әлтаев ОСК-ға құжаттарын тапсырған еді.