Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында орталық сайлау комиссиясы мүшелері Марат Сәрсембаев пен Владимир Фоостың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мақұлданды, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
"Мәжіліске ОСК мүшесі Марат Сәрсембаевтан өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш түсті. Ол 2015 жылғы 4 наурыздағы қаулы бойынша ОСК мүшесі болып тағайындалған болатын. Осыған байланысты біз орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды ұсынамыз", - деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.
"Парламент мәжілісіне ОСК мүшесі Фоостан да өтініш түсті. Ол да 2015 жылдың 4 наурызындағы қаулы негізінде тағайындалған болатын. Осыған байланысты ОСК мүшесі Фоостың да өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды ұсынамыз", - деп қосты ол.
ОСК мүшелігінен шыққандардың орнына әділет вице-министрі Зауреш Баймолдина және "Нұр Отан" партиясының хатшысы Наталья Годунова сайланды.
"Конституцияның 57 және 58-баптарына сәйкес парламент палаталарының әрқайсысы орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін тағайындайды. Олардың кандидатураларын палата төрағасы ұсынады. Сондықтан мен осы бос лауазымдарға үміткерлер Баймолдина Зауреш Хамитқызы мен Годунова Наталья Николаевнаны ұсынамын", - деді мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.