ОСК Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімін тіркеді, деп жазады inbusiness.kz.
"Орталық сайлау комиссиясының аппаратына ЖСДП тізімін тіркеу туралы мәліметтерді Қазақстан халық жинақ банкіне жіберуді тапсырамын", - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
ОСК мүшесі Анастасия Щегорцованың сөзінше, ЖСДП партиялық тізімінде 19 адам бар. Оның алтауы – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар (31,6%). Осылайша белгіленген квота сақталды. ОСК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кандидаттардың Конституция және "Сайлау туралы" Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асырды.
Ақпаратқа сәйкес, аталмыш саяси партияның құжаттары ОСК-ға 6 ақпанда келіп түсті. Кандидаттар тізімі 2 ақпанда өткен ЖСДП кезектен тыс съезінде жарияланған болатын.
Қазақстанда тіркелген 7 саяси партияның барлығы да сайлауға қатысуға жіберілді. Мәжіліс депутаттығына партиялық тізімдер бойынша – 283, мажоритарлық жүйе бойынша 609 үміткер ұсынылды. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың арасында 119 партиялық тізім (1471 адам), мажоритарлық жүйе бойынша – 11 844 кандидат бар.
Еске салайық, 19 наурызда елімізде Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.