Семей станциясынан Жалаңашкөл станциясына дейін Алакөл жағалауына жеткізетін қаларалық пойыз кестесі іске қосылып, жаңа қаларалық пойыз жолға шықты, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның баспасөз қызметі.
Пойыз Семей станциясынан 17 сағат 45 минутта шығып, Жалаңашкөлде 8 сағат 27 минутта болады. Жолда 14 сағат 42 минут жүреді. Кері қарай Жалаңашкөлден Семейге қарай жолаушылар жұп күндері шыға алады. "Пойыз жолаушыларды Жалаңашкөл станциясына дейін жеткізеді. Олар әрі қарай автокөлікпен барады. Үлкен кісілерге билет құны 2862 теңге тұрады. Қазірдің өзінде 100 отыратын орынға билет сатылды", - дейді "Қала маңы тасымалы" АҚ сарапшысы Серік Дөңбаев.
Бұрын Алакөлге демалуға барушылар автокөлікпен ғана шығатын. Олар автобуста көп жол азабын шегетін. Сондықтан Өскемендіктер көбіне Бұқтырма су қоймасының Көгілдір жайылмасына демалуға баратын. Қазір Алакөлдің шипажайына баратындар саны көбейді. Атап өтерлігі, биылғы 21 маусымда Өскемен-1 станциясынан алғашқы пойыз сапарға шығып, жолаушыларды Алакөл жағалауына жеткізді.