Өскемен әкімі Қуат Тұмабаев Даниал Ахметовтің сөзінен кейін өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазды, деп хабарлайды Informburo.kz.
13 тамызда кеңейтілген әкімдік мәжілісінде ШҚО әкімі Риддер қаласында орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты қала әкімінің орнынан кетуін талап еткен еді.
"Бұл оқиға осы уақытқа дейін қоғамда жиі талқыланып, БАҚ-та жеткілікті жазылды. Оқиғаға кінәлі Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев тиісті жазасын алып, сотталды. Сонымен қатар, Риддер қалалық ішкі істер басқармасының бірқатар басшылық қызметтегі және қатардағы полицейлері де қызметтерімен қош айтысты. Оқиғаға қатысы бар шенеуніктердің ісі Әдеп кеңесінде қаралды. Сондықтан осының бәрін таразылай келе, мен Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа осындай жағдайдан кейін жоғары басшылық қызметте қала алмайтындығын, оған моральдық құқығы жоқтығын, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуы керектігін айттым", – деген болатын Даниал Ахметов.
Еске сала кетсек, Риддерде 19 жасар Евгений Смольниковты көлікпен қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманғалиевтің қасында Қуат Тұмабаев та отырған. Ол куәгер болса да, халық алдында оқиғадан кейін абыройы төмендеп, оған қатысты сын айтушылар көбейіп кетті.