Өскемен әуежайында жаңа терминалдың құрылысы аяқталды

821

Өскемен әуежайында жаңа терминалдың құрылысы аяқталды

Облыс орталығындағы халықаралық әуежайында жаңа ұшып келу терминалының құрылысы аяқталды. Терминалдың сағатына 200 жолаушыны қабылдауға әлеуеті бар, деп хабарлайды altaynews.kz.

"Бұл объектіні іске қосу Шығыс Қазақстан үшін өте маңызды, өйткені облысымыз Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия сияқты елдер арасын жалғап тұрған көпір іспеті, — деді терминалдың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов — Бұл төрт мемлекеттің интеграциясын дамытудағы алға басқан тағы бір қадам".

Сонымен қатар облыс әкімі құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтаған жұмысшыларға алғысын білдіріп, ел Тәуелсіздігі күні мерекесімен құттықтады.

Жалпы құны 554,5 миллион теңгені құрайтын терминал құрылысының жұмыстары 2016 жылдың тамыз айында басталған болатын. Жаңа терминалдың негізгі технологиялық бөлемелері — ұшып келу және жүк тапсыру залдары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда жүк қабылдау және бейне бақылау жүйесі, сондай-ақ ана мен бала бөлмесі бар. Терминалдың жалпы ауданы 1128 шаршы метрді құрайды.

Қазіргі уақытта Өскемен әуежайы күніне 5 рейстік ұшу қарқындылығы бар 2 кластық санатқа ие. Болашақта жүк терминалын салу, ұшу-қону жолағын, әуе кемелеріне арналған тұрақтарды және уақытша жүк сақтау қоймасын қалпына келтіру мәселелері қарастырылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу