Өскемен қаласы қар құрсауында қалды

759

Әкімдік пен пәтер иелері кооперативі қар жинау мәселесін бір-біріне сілтейді.  

Өскемен қаласы қар құрсауында қалды Фото: Дана Әбдікәрім

Өскемен қар құрсауында қалды. Неше күнгі соққан қарлы боран тұрғындардың аяғына тұсау салып, әбден әбігерге түсіріп жатыр. Жолдар мен аулалардың күрелмегеніне шағымданған олар білек сыбанып, іске өздері кірісті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Дәл қазір шаһардағы көпқабатты үйлердің аулаларын қар басып жатыр. Көліктер қаңтарылып тұр. Қала тұрғындары болса, "қар астында қалдық" деп шағымдануда.

"Аяқ-қолымыз байланы, қар құрсауында қалдық. Негізгі үлкен жолдар ғана күреліп, қалғандары қалды. Көлігімізбен шығайық десек жол жоқ, батып қаламыз. Қала әкімі жолдың тазаруын неге қадағаламайды? Көлікті қойып, жаяу адам әрең жүреді. Алда-жалда ауырып, жедел жәрдем шақыртсаң ол да келе алмайды. Жол жоқ", - дейді қала тұрғыны Алтай Жеңісұлы.

Әкімдіктен қайыр болмаған соң тұрғындар бірлесіп, жолды өздері ашуға кіріскен.

"Аулалардың бәрін қар басты. Көлік жүрмейді. Басқа не амал, өзіміз күредік алыс болса да. Ертең балаларды сабаққа апарамыз, өзімізге жұмысқа бару керек. Қар уақтылы күреліп жатқан жоқ. Техника жеткіліксіз бе, жұмысшы жетпей ме түсінбедік", - дейді өскемендік Азамат Тұрсынбай.

Ал, жергілікті коммуналдық кәсіпорын өкілдері тек қала жолдарын ғана тазалап жатқанын айтуда. Аулаларды тазалауға пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігі жауапты екен.

"Заңнамаға сәйкес, барлық аула аумақтарының тазалығына пәтер иелері кооперативі жауап беруі тиіс. Өйткені өзара жасалған келісім-шарттары бар", - дейді "Таза Өскемен" коммуналдық кәсіпорнының басшысы Асхат Тәженов.

Алайда пәтер иелері кооперативі өкілдері мұнымен келіспейді. Барлық архитектуралық құжаттарда аула аумағы жалпыға ортақ деп саналады. Демек, жергілікті билік жауапкершіліктен тыс қала алмайды. Қалалық қоғамдық кеңес жанындағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Владимир Грицай осылай дейді.

Әкімдік пен пәтер иелері кооперативі мәселені бір-біріне сілтеп отыр. Екі тарап тартысып жатқанда, тұрғындар қалың қарды өз бетінше тазалап амалдай тұрмақ.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу