Өскемен көшелерінде Wi-Fi тарататын шамдар орнатылуда

791

Өскемен көшелерінде Wi-Fi тарататын шамдар орнатылуда

Өскемен көшелерінде Wi-Fi тарататын шамдар іске қосылады. Бұл шамдар бұрынғымен салыстырғанда энергияны 65 пайызға дейін үнемдейді, деп хабарлайды altaynews.kz.

Қазірдің өзінде облыс орталығының негізгі көшелерінде осындай шамдар орнатылған. Жарық берумен қатар Wi-Fi тарату, ұялы байланыс желісін кеңейту секілді бірнеше функцияны да қатар атқарады.

Шамды орнатумен айналысқан LED Solution компаниясының өкілдері алдағы уақытта да өңірде бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Олар бүгінге дейін Өскемендегі бес орталық көшеге екі айдың ішінде 501 көше шамын орнатыпты.

Компаниямен әрі қарай жұмыс істеу мәселесі облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен тараптар арасындағы кездесу барысында жан-жақты талқыға салынды.

"Біз жарық диодты шамдарды шығарумен айналысамыз. Бұрын шам ғана шығарсақ, енді күш біріктіріп олардың технологиясын, былайша айтсақ "миын" қолданып, ақылды шамдар шығарып жатырмыз. Бұл шамдар бұрынғыға қарағанда жарықтығымен қоса, 65 пайызға дейін үнемділік әкеледі", — дейді шамдарды таныстыру рәсімінде LED Solution компаниясының директоры Қаныбек Айтақов.

"Ең бастысы, компания бәсекеге қабілетті екендігін іс жүзінде көрсетуге тиіс. Сіздердің айтқандарыңыз көңілге қонымды. Тағы бір мәрте көзімді жеткізу үшін бүгін түнде қала көшелерін тағы бір аралап көріп шығамын. Байқаймын, Қазақстан көшесі мен Орталық мешіт маңы жарық бола түскендей", — деген облыс әкімі компания өкілдеріне қайырымдылық көмегі ретінде алдымен Орталық мешіттің барлық қабырғалық шамдарын ауыстырып шығуды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу