Өскемен және Семей қалаларындағы дәріханаларға рейд жүргізілді. Әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен БАҚ өкілдерінен құралған мобильді топ ыстықты түсіретін дәрі-дәрмектердің бар-жоғын тексеріп, бағасын байқады, деп хабарлайды altaynews.kz.
Рейд барысында қос қаладағы дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті екені анықталды. Тек бірнеше дәріханада парацетамол мен аспирин тапшы екені байқалды. Бірақ оның орнына "терафлю" мен басқа да ыстықты түсіретін препараттар жеткілікті. Бір адамға 3-5 дәріден беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеу мақсатында Өскемен қаласының әкімдігі 3 шілдеде ірі дәріханалармен ыстықты түсіретін препараттарды рецептсіз жіберуді шектеу жөнінде меморандумға қол қойды. Ал Семей қаласы мен өзге аудандарда меморандум жасау мәселесі пысықталуда.
Рейдтер барысында дәріхана иелеріне дәрі-дәрмектердің бағасын көтеруге жол берілмейтіндігі ескертілді. Алдағы уақытта мұндай рейдтер тұрақты түрде жүргізілетінін айта кетейік.