Өскемен тұрғындары 50-ден аса адамға педагогтің біліктігі туралы жалған сертификат сатқан

290

Бір жалған сертификаттың құны 200 мыңнан 700 мың теңге аралығында болған.

Өскемен тұрғындары 50-ден аса адамға педагогтің біліктігі туралы жалған сертификат сатқан Фото: freepik

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті брифингінде ведомствоның ресми өкілі Арман Тілеукенов 52 адамға педагогтың біліктігі сертификатын сатқан Өскемен тұрғындарының үстінен сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Өскемен қаласының тұрғынына және басқа адамдарға қатысты "алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Аталған адамдар алдау арқылы азаматтардың қаражаттарын аса ірі мөлшерде иемденген. Тергеу барысында күдікті 2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың шілдесі аралығында біліктілік алу үшін тестілеуден сәтті өткені туралы сертификат беру сылтауымен алдау арқылы 52 азаматтың жалпы сомасы 17,4 млн теңге ақшалай қаражатын иемденгені анықталды. Бір жалған сертификаттың құны 200 мыңнан 700 мың теңге аралығында болған", - дейді агенттіктің ресми өкілі.

Арман Тілеукеновтің айтуынша, аталған тұрғынға ҰБТ сертификаттарын да сатты деген айып тағылып отыр.

"Сондай-ақ, күдікті ҰБТ-ны сәтті өткендігі туралы сертификат беру сылтауымен облыстың 2 азаматының жалпы сомасы 2,4 млн теңгеге ақшалай қаражатын иеленген. Материалдық залалдың жалпы сомасы 19,8 млн теңгені құрады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қаржылық тергеп-тексеру жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша, залалды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық іс фигурантының автокөлік құралына тыйым салынды. Соттың санкциясымен күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - деді ресми өкіл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу