Өскемен тұрғындары қалада ауаның ластануына қатты наразы. Олар бұл жағдайды мемлекеттік деңгейде "экологиялық апат" деп тануға шақырады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Өскемен халқы ондаған жылдар бойы мемлекет басшылығына дабыл қағып келеміз, алайда еш нәтиже болмады. Бірақ біз тоқтап қалмаймыз. Қалада ауа сапасы нашарлап, бізді өлтіруге айналды. Біздің ақшамызды ұстайтын билік біздің ұрпағымызды қорғау үшін мүлде әрекет етіп жатқан жоқ. Бір адам күніне 25 мың рет тыныс алады екен, сонда 350 мың халық 9 млрд рет улы қоспаны жұтып отыр деген сөз. Біз қазір терезені ашып, үйді желдетіп алудан қалдық. Баламен серуендеуге шығу арман. Далада көп жүрген адам химиялық күйікке шалдығады", деп жазылған ел үкіметі мен Парламентіне жолданған петицияда.
Үндеуде қаладағы онкологиялық аурулар тіркелуі артып бара жатқаны сөз болады.
Онда бірнеше талап қойылған:
1) Өскеменде экологиялық апат деп жариялап, оны заң жүзінде бекіту;
2) Тұрғындарды үнемі тегін дәрігер қарауынан өткізу;
3) Қалада 10 жылдан артық тұратындарға экологиялық жәрдемақы беру;
4) Медициналық қызметтерге тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету;
5) Шығарындыларды сапалы, тиімді сүзетін қымбат сүзгі орнату және оны ұдайы жаңартып тұру;
6) Шығарындылардың құрамы мен көлеміне шектеу қойып, қатаң бақылау орнату.
Петицияны қоғам қайраткері, заңгер Қалибек Қалиолданов жазған. Оны бас күн ішінде бес мыңнан астам адам қолдаған.