Өскеменде 200-ден аса студент жатақханасыз қалуы мүмкін

766

Студенттердің барар жері, басар тауы жоқ.

Өскеменде 200-ден аса студент жатақханасыз қалуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Өскеменде 200-ден аса студент жатақханасыз қалғалы тұр.

Студенттердің айтуынша, қазір қалада пәтер жалдау ақысы аспандап тұр. Алыс-жақын ауылдардан келген жастардың басым бөлігі күзде оқу орынның жатақханасынан орын таппағандықтан, жекеменшік жатақханаға жайғасқан.

- Бізді жатақханадан шығарамыз деп жатыр. Жатақхананы босатсақ, бөлмедегі балалармен пәтерге көшеміз деп отырмыз. Қалған балалар туысқандары жоқ. Жалдамалы пәтерлердің ақысы 110 мың деп тұр төрт адамға. Студенттер шығып жатыр дегенді естісе, бағаны одан да көтереді ғой. Қыстың аязында қиын болды, - дейді студент Темірлан Қанафин.

Студенттер үйінің тағы бір тұрғыны жатақханадан шығып, сырттан пәтер жалдауға жағдайының жетпейтіндігін айтуда.

- Біз студенттер үйінің тұрғындарымыз. Бізді жатақханадан шығарып жібермекші. Жатақхана басшылығы жоғары жақтың ақша төлемегенін айтады. Мына аязда енді қайда барамыз? Үй жалдауға ақшамыз жетпейді. Жұмыс істеп отырсақ жарар еді, біз студентпіз, - дейді жатақхана тұрғыны Дарья.

Айта кетейік, осыған дейін студенттер бір жатын орынның 30 процентін өз қалталарынан төлейтін. Ал министрлік қалған шығынды мемлекеттік тапсырыс аясында жабатын. Бірақ жеке меншік жатақхананың тиесілі қаражатқа қол жеткізе алмай жүргеніне жарты жыл өтіпті.   

- Бізге бұның алдында келісімді екі рет жіберген. Алайда оның қолтаңбасы, басылған мөрі болған жоқ. Ал мөр басылған өзіміздің құжат Астанаға жіберілген. Жауабын әлі күтумен отырмыз. Келісім мемлекеттік тапсырыстың веб-порталында ашық түрде көрсетілуі керек. Ол да жоқ. Былай жалғаса берсе, жатақхана жабылуы мүмкін. Себебі қарызымызды өтеуде мемлекет міндеттемелерді орындай алмай жатыр. Жыл соңына дейін қаржыландыру болмайды деген үрей бар, - дейді жатақхананың басқарушысы Александра Талхигова.

Жеке меншік жатақхананың әкімшілігі мұндай қадамға мәжбүрлі түрде барған. Айтуларынша кінәрат ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жіберілген. Олар студенттердің жалдау ақысын өтейтін ұйыммен мемлекеттік сатып алуды рәсімдемеген. Сонымен қатар жалға алу туралы қандай да келісім жасалмаған.

Аталған мәселеге байланысты "Қаржы орталығы" АҚ департаменті 20 желтоқсанына дейін төлемдердің аударылатындығын айтуда.

- Расында келісімді рәсімдеу біраз кешіктірілді. Министрлік қайта ұйымдастыру шараларынан өтті. Қазір мәселе шешімін тапты. Келісім қазынашылық жолданып, 2022 жылдың 20 желтоқсанына дейін төлемдер аударылады, - дейді "Қаржы орталығы" АҚ департаменті директорының орынбасары Диас Жамбылов.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу