Өскеменде 30-ға тарта мектепке жарылғыш "қойғандар" анықталмай жатыр

599

Полицейлердің жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды.

Өскеменде 30-ға тарта мектепке жарылғыш "қойғандар" анықталмай жатыр

Өскемендегі мектептерге "бомба қойылғаны" туралы тараған хабар жалған болып шықты. Тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылмаған. Алайда тұрғындар полиция кінәлілерді әлі таппағанына наразы.

Осы аптада Өскемендегі мектептерге "бомба қойылғаны" туралы ақпарат тарап, ата-аналар мен оқушылардың үрейін ұшырған болатын. Оқушылар қыстың суығында сабақтарын тастап далаға шыққан. 

- Осындай хабарламалардан кейін балаларымды мектепке жіберуге қорқамын. Жіберген күннің өзінде алаңдап отырамыз. Құзырлы органдардан тексеруді күшейтуді талап етеміз. Бұл недеген салғырттық. Жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартпаса, біздің көңіліміз орнықпайды. Егер шынымен де жарылғыш зат қойылса, онда не болмақ?, - дейді Өскемен тұрғыны Лана Балашова. 

Тағы бір тұрғын мектептегі күзет қызыметінің жауапкершілігін арттыру керек дегенді айтады. 

- Мектептер үшін миллиондаған қаржы жұмсап, турникеттер орнатты. Орнатқаны бар болсын, қашан көрсек салақтап, ашық жатады. Қажеті болмаса, неге қойған? Айтпақшы, мектеп күзетшілерін білесіздер... Түсінеміз, әкімдіктегідей полиция күзетпей-ақ қойсын. Балалар оқитын жер ғана ғой. Бірақ күзетте жауапкершілік сезінетін азаматтар отыруы керек шығар. Әйтпесе, білдей білім ордаларын пима киген вахтёр апайларға сеніп тапсырып қойған, - дейді қала тұрғыны Мерей Қайнарұлы.


ШҚО полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, Өскемендегі 26 мектепке жарылғыш зат “қойылғаны” туралы хабар 10 ақпанда түскі уақытта түскен.

- Сигналды алғаннан кейін қызметкерлер дереу мектептерге келді. Қызметкерлер мен оқушыларды эвакуациялау жүргізілді. Объектілерді тексеру нәтижелері бойынша қандай да бір қауіпті заттар табылған жоқ, - делінген ақпаратта.

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жалған ақпарат бергендер анықталып жатыр.

Бұл осы апта ішінде мектепке "бомба қойылғаны" туралы хабар түскен үшінші жағдай. Әуелі 6 ақпанда Өскемен қалалық сотының ғимаратына және мектепке "бомба қойылғаны" туралы хабарланған. Ол кезде де тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады.

Кеше Өскеменде тағы да мектепке "бомба қойылғаны" туралы хабар түсіп, оқушылар мен мұғалімдер эвакуацияланған. Тексеру ғимараттар "таза" екенін көрсетті.

Жалпы жыл басынан бері алты рет жарылғыш зат "қойылды" деген жалған ақпарат тіркелген.

Қала тұрғындары полицейлердің жұмысына көңілдері толмайтындығын айтады. 

- Полиция жалған ақпарат таратқандарды жылдам анықтаса дейміз. Соңғы кезде мұндай жағдай жиілеп кетті. Қаладағы мектептердің тең жартысы дүрлікті. Балаларымыздың амандығынан алаңдаймыз, - дейді Ксения Гатиева есімді өскемендік.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу