Өскеменде 300-ден астам қоқыс контейнерлері жетіспейді. Тұрғындар мәселені қала әкімдігіне бірнеше мәрте айтқан болатын.
Қала ішіндегі кейбір аулаларда қоқыстардың шашылып, жататынын тұрғындар жиі айтады.
Сөздерінше, қоқыс контейнерлері жоқ емес, бар. Бірақ жетіспейтін көрінеді.
- Қаламыздың көптеген аулаларында қоқыс контейнерлері лық толып, шашылып жатады. Тіпті соған қарамастан адамдар үсті-үстіне лақтыра береді. Меніңше, қосымша қоқыс жәшіктері керек. Сонымен қатар уақытылы шығарылып тұрса дейміз. Бұндай жағдайлар әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаев, Қабанбай батыр және Заречный базарының маңында жиі кездеседі, - дейді қала тұрғыны Айым Оспанова.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, қаладағы контейнерлердің 500-ден астамы жөндеуді қажет етеді екен.
Сонымен қатар 335 қоқыс жәшігінің дөңгелектері жоқ.
- Бізде 305 контейнер жетіспейді. Оның 22-і қағаз және пластик сияқты сұрыпталған фракцияларға арналған контейнерлер. Сонымен бірге 534 контейнер жөндеуді қажет етеді, - деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Айта кету керек, компаниялар қоқыс жәшіктерін ауыстыру жұмыстарын бастады. Мысалы, жаңа контейнерлер Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы 56, Виноградов көшесі 25, Астана көшесі 30 аулаларына орнатылды.
Таунар Қайратұлы