Өскемен қаласында трамвайда жүретін 80 жастан асқан тұрғындарға бұған дейін беріліп келген тегін жол жүру жеңілдігі жойылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қалалық әкімдіктің мәлімдеуінше, трамвай қызметіне жүргізілген тексеру нәтижесінде кәсіпорынның қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде қарастырылмаған жеңілдіктерді өз бетінше енгізгені анықталған. Заң бойынша мұндай шешімдерді тек жергілікті атқарушы органдар ғана қабылдай алады.
— Қоғамдық көлікпен жүруге арналған жеңілдіктер тек заңнама мен жергілікті мәслихаттың шешімдеріне сәйкес беріледі. Кәсіпорын тарапынан өздігінен жеңілдік жасау — заңсыз, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің 2021 жылғы бірлескен қаулысы мен мәслихат шешіміне сәйкес, 80 жастан асқан азаматтар үшін трамвай жолақысы 50 теңге болып белгіленген. Қазіргі уақытта тегін жол жүру құқығы тек екі санаттағы азаматтарға беріліп отыр: көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын оқушылар.
Дегенмен, әкімдік жеңілдікті санаттарды қайта қарап, кеңейту мәселесін қолға алғанын хабарлады. Атап айтқанда, 80 жастан асқан тұрғындарға трамвайда тегін жүру мүмкіндігін қайта енгізу қарастырылып жатыр.