Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысы барлардың барлығын табуды талап етіп отыр.
Әйелдің айтуынша, бұл іске кемі 10 адамның қатысы бар. Алайда полиция тек 6 күдікті барын хабарлады.
Әлеуметтік желіде марқұмның анасының видеоүндеуі пайда болды. Жалғыз ұлын бір топ адам айуандықпен өлтірген.
Анасының айтуынша, ер адамды 30 мамыр күні кешкісін танысы үйінен алып шыққан. Сол жерде оны үш көлікке мінген белгісіз біреулер күтіп тұрған. Олар жәбірленушіні көлікке күштеп салып, алып кеткен. Бірнеше сағаттан кейін Бағлан Рахманбердиевтің денесі ауруханаға жеткізілген.
Желіде жарияланған видеодан медициналық орталыққа көлік келіп тоқтап, бетперде киген 2 адам шығып, дәрігерлерді медициналық көмекке шақырғанын көруге болады. Бастапқыда олар жараланған адамды мүгедектер арбасына ауыстырмақ болған. Алайда оның жағдайы бұған мүмкіндік бермеген сыңайлы. Олар мәйітті көліктен әрең шығарып, зембілге қояды.
Марқұмның анасы ұлын өлтіргендердің суық қаруланғанын айтады. Ал Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Қылмысқа қатысушылардың бәрінің жеке басы анықталды. Полицейлер 4 азаматты ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Тағы 2 күдіктіге іздеу жарияланды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептерін объективті анықтауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.