Өскеменде африкалық екі мұғалім домбыраның құлағында ойнайды

267

Африкалықтар аспапта ойнап қана қоймай, ән де салады. 

Өскеменде африкалық екі мұғалім домбыраның құлағында ойнайды Фото: Талғат Әбішевтің жеке мұрағатынан

Өскемендедегі мектептердің бірінде африкалық Николас Каемба мен Алиу Муантага ағылшын тілінен сабақ беріп жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Оңтүстік Африкадағы Уганда елінің азаматы Николас Каемба Өскемен қаласындағы "Нұрорда" мектеп-лицейінде ағылшын тілін оқытып жүргеніне 8 ай болды. Алғаш рет өз елінен шығып Қырғызстанға жұмысқа барған. Содан соң 4 жыл Түркияда еңбек етіпті.

"Қазақстаннан шақырту түскен соң көп ойланбай келістім. 2023 жылдың қыркүйек айынан бері осындамын. Орталық Азия елінде бірінші рет емеспін. Сондықтан да мұндағы қонақжайлылықты, менталитетті білемін. Қазақ халқының өз салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін құрметтейтінін, бағалайтынын көрдім. Бұл өте дұрыс", - дейді Николас Каемба.

Ал Алиу Муантага Батыс Африкадан келген. Қазақстан ол үшін туған жерінен аттап басқан алғашқы шет мемлекеті болып отыр. Сондықтан да оған барлығы таңсық.

"Маған елдеріңіз ұнап жатыр. Әсіресе бай мәдениеттеріңіз бен халықтың мейірбандығын атап өткім келеді. Домбыраға қалай қызыққанымыз жайлы айтар болсам, бірде мектеп дәлізінде келе жатқанбыз. Қолына бір аспапты ұстап, шертіп отырған баланы көріп қалдық. Дауысы қатты ұнады. Ерекше әсер сыйлайды екен. Кейін бұл аспаптың домбыра екенін біліп, өзімізге неге шертуді үйреніп алмасқа деп ойладық", - дейді Алиу Муантага.

Бірде домбыра шертіп отырған оқушыны көріп қалған олар қазақтың ұлттық аспабына қызыға кеткен. Ал бұны естіген домбыра мұғалімі Талғат Әбішев екеуіне қуана-қуана үйретуге келісті. Қазір африкалықтар аспапта ойнап қана қоймай, ән де салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу