Өскеменге танымал кино актерлер - Марк Дакаскос, Бай Лин, Кэррри Тагава, Маикл Мэдсен және Эрик Робертс келді. Олар өңірдің табиғаты мен мәдени құндылықтары туралы деректі фильм дайындап қана қоймай, өздерінің болашақ түсірілімдері үшін қажетті жерлерді де айқындамақ, деп хабарлайды КТК.
Қонақтарды облыс әкімі Даниял Ахметов өз кабинетінде қарсы алды.
Эрик Робертс қазақстандық киногерлердің шақыруымен келіпті. Жұлдыздар Шығыс Қазақстанның 4 ауданын аралап, Семей полигонына да ат басын бұрмақ. Олар осы сапары жайында "Шығыс Қазақстан облысының бренді" атты деректі фильм монтаждап, National Geografic және BBC арналарына шығаруды да жоспарлап отыр. Шығыс өңірінің кадрлары олардың болашақ түсірілімдеріне де қажет болуы мүмкін.
Ал қазақтардың жапондықтармен ұқсастығын байқаған Малибу құтқарушысы Кэрри Тагава қазақ болғым келеді деп ағынан жарылды.
"Жапон болсам да қазақтармен генетикалық байланысым барын сеземін. Сіздің елге келген сайын өзімді қыдырып емес, туған жеріме келгендей боламын. Болашақта Қазақстан азаматтығын алсам ба деп ойлап жүрмін", - дейді Кэрри Тагава.