Өскеменде бірнеше микроавтобус жүргізушілері жолаушыларды тасымалдаудан бас тартты

582

Белгілі болғандай микроавтобус жүргізушілері соңғы аялдамада қатар тізіліп, тұрып алған. Жолаушылар болса, діттеген жеріне жете алмай, бірнеше автобус ауыстырып жұмыстарына зорға жеткен.

Өскеменде бірнеше микроавтобус жүргізушілері жолаушыларды тасымалдаудан бас тартты

"Достық базарының жанында №262 автобусты көп күттім. Келмеді. Жұмыстан кешігетін болғандықтан шарасыз басқа автобусқа отыруыма тура келді. Естуімше, жүргізушілер наразылық танытып, жүрмей қойыпты", – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Айша Ерланқызы. 

Жолаушылардың айтуынша, жүргізушілер жол жүру ақысы валидаторлар арқылы төленгенін қаламайды екен.

"Жүргізушілер электронды билетке қарсы деп естідім. Олар жол жүру ақысы валидаторлар арқылы төленгенін қаламайды. Ал біз, жолаушылар қайтпекпіз?", – дейді қала тұрғыны.

Тұрғындар қаладағы №38 бағытындағы автобус жүргізушілері де ереуілге шығатынын айтуда. Алайда екі мәселенің бір-біріне қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Айта кетейік, №262 микроавтобус КШТ ықшам ауданынан бастап, электротовар аялдамасына дейін қатынайды. 2 шілдеден бастап қаланың қоғамдық көліктерінде қолма-қол ақшамен жол жүру қымбаттады. Бұрынғы 90 теңгенің орнына қала тұрғындары 130 теңге, 15 жасқа дейінгі балалар осы соманың жартысын төлейді. Көлік картасымен немесе қосымшалар арқылы ақы төлейтіндер үшін жолақы құны өзгеріссіз қалды.

Ал Өскемен қалалық Жолаушы тасымалдауды басқару орталығы бұл тасымалдаушы компания мен жүргізушілер арасындағы келіспеушілік деп мәлімдеме жасады.

"Бұл – ереуіл емес. Тасымалдаушы компания мен жүргізушілер арасында келіспеушіліктер туындаған. Бұл жағдайға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселе шешім тапқан соң қосымша ақпарат беретін боламыз", – деп жазды мекеме өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу